«Сабақтың тақырыбы:«Жетелі елдің жеті белгісі»»
Автор: КГУ Мичуринский детский дом


Көрнекі құралдар: Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы, Әнұраны жазылған плакаттар, Ата Заңы, төлқұжат, теңгелер және нақыл сөздер жазылған плакаттар, «Қазақстан 2030» стратегиялық бағдарламасы, рефераттар, Қазақстан картасы.

                              Сабақ барысы: 

Балалар Қазақстан Республикасының Әнұранын орындайды. Қазақстан Туы кіргізіледі.

«Мен қазақпын» өлеңі оқылады. («Қазағым менің» әні жай айтылып тұрады).

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жүрегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда, күлкіммен түн тірілген.
Мен – қазақпын, жаныммен, жүрегіммен,
Еңбек өмір, ер өмір, жыр өмірмен,
Алабөтен болмаймын өзгелерден
Өзгемен бір өзім боп жүремін мен.
Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске –
Айта бергім келеді, айта бергім!

Тәрбиешінің кіріспе сөзі.
Қазақстан Республикасы – демократиялық зиялы және біртұтас мемлекет. Қазақстанның аумағы 2,7 млн шаршы шақырым.онда 120 ұлт өкілдерінен 16 млн халық тұрады. Еліміздің шекарасы құрлықта 12 мың шақырымға дейін, ал суда 3 мың шақырымға созылып жатыр. Қазақстан жері солтүстік-батыста 8,5 мың шақырым шекарасы Ресеймен, оңтүстік-шығысында 2 мың шақырым Қытаймен шектессе, ал 5 мың шақырымнан аса территориясы Орта Азия елдерімен, яғни Өзбекстан, Қырғыстан, Түркменстан елдерімен шектесіп жатыр. Қазақстанның халқы сан ғасырлар бойы армандап келген мақсаттарына қолы жетті. Қазақстан тәуелсіздігін алып, жеке мемлекет болды. Бірақ тәуелісіздік оңай келмеді. Өткен тарихымызға көз жүгіртсек, тәуелсіздік жолында қазақ халқының талай қаны төгіліп, азапты соғыстар жүргізілгенін білеміз. Қазақстан Жоғарғы Кеңесі 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанды тәуелсіз Республика деп жариялады.  Бұл күн – Қазақстан тарихына тәуелсіз Қазақстан Республикасының туған күні деп алтын әріптермен жазылды. Сондықтан да 16-желтоқсан – қазақ халқының мерекесі. 1991 жылдың желтоқсанның бірінде еліміздің тұңғыш президенті болып Н.Ә.Назарбаев сайланды. Бұл – Қазақстан Республикасының тарихында бүкіл халық қатысқан, жасырын дауыс беру арқылы сайланған тұңғыш президент.
Қазақстанның келешегі қандай болмақ? Бұған республика президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан 2030» стратегиялық даму бағдарламасында жауап береді. Ал, балалар, енді осы бағдарлама іске асса, Қазақстан Республикасы, біздің ауылымыз көркеюін қалай елестетесіңдер?
«Жетелі елдің жеті белгісі». Балалар, неге біздер жеті белгіге тоқталып отырмыз?! Өздерің білесіңдер, қазақта жеті саны – киелі сан. Сондықтан біздер негізгі жеті белгі туралы мәлімет аламыз.
1-белгісі – Қазақстан Туы. Еліміздің жалауы туралы не білеміз? Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының авторы – Шәкен Ниязбеков. Ту неліктен көк түсті? Бүкіл дүниеге көк жүзі, яғни аспан әлемі ортақ. Жер шары ұлттарға, мемлекеттерге бөлінгенмен, жоғарыда айқара ашылған аспан ешқашан бөлінбеген, бөлінбейді де. Ал Күнге келетін болсақ, ол да бәрімізге ортақ. Күн сәулесі бәріне нұрын шашады, сәулесін төгеді. Оның жылуы жер бетіндегі бүкіл тіршілік атаулыға ортақ. Сондықтан күннің тудан орын алуы лайық. Қазақ халқы ерте заманнан бері қыранды киелі, қасиетті құс деп есептеген. Тудан қыранның орын алуы егеменлдік алған Қазақстан қыран сияқты көкте самғасын, ғұмыры ұзақ болсын деген ойдан туындаған. Бұлармен қатар тудан қазақтың ою-өрнектерін байқаймыз. Мұның өзі тудың ерекшелігін, қазақ халқының танымын, қасиетін көрсетеді.
Ермек Өтетілеуұлының «Қазақстан жалауы» өлеңі оқылады.

Аспан түстес көгілдір,
Тік бұрышты матаның
Ортасына төгіп нұр,
Күн жаяды шапағын.
Астында оның қалқыған,
Қыран құстың бейнесін
Азат елдің шалқыған
Көңілі деп білесің.
Еске белгі – ұрандар
Сары алтындай сақталған,
Күн, шұғыла, қыран да
Алтын түспен апталған.
Сол жағында матаның
Қызыл түсті жолақ тік:
Мұратындай атаның
Әсем өрнек ол ұлттық
Көк байрағы бабаның –
Бүгінгі ұрпақ алауы,
Мияты әке, баланың –
Қазақстан жалауы!

2-белгісі – Қазақстан Елтаңбасы. Елтаңба авторлары кім?
Елтаңбадан сол елдің тарихы, дәстүрі, рухы толық танылуы керек. Сондықтан да Елтаңбаның ортасында шаңырақ тұр. Қазақта «Шаңырағың биік, керегең кең, терезең тең болсын» деген сөз бар. Осы үш сөз негізге алынса керек, Елтаңбаның екі жағында қанатты пырақ бейнеленген. Жылқы малы, жүйрік ат қазақта ерекше бағаланған. Пырақ – мал шаруашылығының басым болғанын бейнелейтін жиынтық образ. Шаңырақты, яғни біздің бейбітшіл Отанымызды қорғау үшін, шаңырақтың берік болуы ойластырылған. Осы мақсатта жеті буыннан тұратын мүйіз таңдалған. Жеті буын бір жағынан, қазақтың «Жеті атасын білмеген – жетімдіктің белгісі» дегенді аңғартса керек. Жалпы қазақ мүйізді қастерлеген. Пырақ қанаты бір қарағанда бидайдың бауланған сәтін еске алады. Жоғарыда, дәл ортада бес бұрышты жұлдыз бейнеленген. Қазақтың сан ғасырлық тарихында жұлдыздың қаншалықты маңызды болғаны белгілі.
Ермек Өтетілеуұлының «Біздің Елтаңба» өлеңі.

Алтын қанат көмкерген.
Шаңырақ бар, уық бар –
Әсем бейне сен көрген
Жай бейне емес ұғып ал!
Көгілдір түс аясы

Бейбіт дала елесі .
Шаңырақ – жұрт панасы,
Уықтар күн сәулесі
Сүйсіндіріп өзіңді,
Түсіне біл таңбаны.
Аңызда ұшқыр, төзімді
Пырақ – халық арманы.
Жоғарыда түсер көз
Бес тармақты жұлдызға
Ал «Қазақстан» деген сөз
Таныс барлық ұл-қызға.
Мағыналы сымбатты
Бар осындай белгіміз –
Маған, саған қымбатты
Елтаңбасы ол – еліміз!

3-белгісі – Қазақстан Республикасының Әнұраны.
Қазақстан Республикасының Әнұраны – Ел ұраны.

4-белгісі – Тіл, Қазақ тілі.
Тіл – кез-келген ұлттың, елдің ерекшелігін танытатын бірден-бір белгі. Тіл тағдыры елдің елдігіне, ел ұлдарының азаматтығына да сын. Тіл – халықтың жаны. Тілі құрыса, халық та жер бетінен жоғалады. Ана сүті бойына сіңбеген, бесік жырынан нәр алмаған тілі мен дінінен айрылған ұрпақ алдымен рухани кемтарлыққа ұшырап, содан кейін көлденең көк аттының қолжауына айналып кете барады. Ана тілін білмей, ана сүтін ембей өскен кейінгі толқынның жүрегі суық, өңі де жат болады. Қазақстан Конституциясында тіліміз туралы былай атап көрсетілген:
Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып табылады. Мемлекет ұлтаралық қарым-қатынас тілі мен басқа да тілдердің қолданылу аясын сақтауға кепілдік береді, олардың еркін дамуына қамқорлық жасайды.
-Қазақ халқында тіл туралы, ана тілінің маңыздылығы туралы мақал-мәтелдер өте көп. Оқушылар, сол нақыл сөздерді еске түсірейік.
Д.Әбіловтың «Қазақ тілім» өлеңі.

Туған тілім – бабам тілі – өз тілім!
Туған тілім – анам тілі – өз тілім!
Туған тілім – далам тілі – өз тілім!

Туған тілім – адам тілі – өз тілім!
Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер,
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар!
Балалар, қазақ тіліміз туралы көптеген әндер де бар, білесіздер ме?
Ә.Тіналиевтің әні «Анамның тілі» орындалады.
5-белгісі – Ата Заң.

Ең алғаш 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Конституциясы – Ата Заңы қабылданды. Одан кейін оған 1995 жылы 30 тамызда толықтырулар енгізіліп, қазіргі Конституция пайда болды. Қазақстан Республикасының Ата Заңы бізге
адамның ар-намысы мен қадір-қасиеттеріне қол сұғылмауына;
ар-ождан бостандығына  кепілдік береді. Әрбір адам және азамат бұл заңдарды орындауға, құрметтеуге міндетті болып саналады.
6-белгісі – Төлқұжат.
Балалар, біздер 16жасқа дейін төлқұжат ролін туу туралы куәлік атқаратынын білеміз. Ал 16 жастан бастап Қазақстан Республикасының азаматы екендігін дәлелдейтін бірден бір белгі жеке куәлігі және төлқұжат болып табылады.
7-белгісі – Теңге.
Еліміздің негізгі рәміздері қабылданғаннан кейін көп ұзамай төл теңгемізге ие болдық. Қазақстан Республикасының теңгесі 1995 жылы 15 қарашада қабылданып, айналымға енді. Қазақстан теңгелерінде қазақтың ұлы да ұлағатты адамдары бейнеленді. Атап айтқанда Ш.Уалиханов, С.Аронұлы, А.Құнанбаев, Қ.Сағырбайұлы, Әл-Фараби, Әбілқайыр хан, Абылай хандардың бейнесі теңгеден орын алды. Ал қазіргі кезде заман талабына, еліміздің көркеюіне байланысты теңгелер де өзгеріп отырады.
Ш.Сариевтің «Төл теңгеміз туралы» өлеңі.

Туымды желбіретіп жел кереді,
Еліме осы еді ғой ең керегі.
Алтын Орда заманынан бұлбұл ұшып,
Тағдырым табыстырған теңгем еді.
Не бір ой мүжіп жеген ой адамын,
Кеудемнен сейілгендей кей алаңым.
Телмірмей теңгем барда тебіреніп,
Енді мен тәуелсізбін дей аламын.

Түскендей әсері бар сөзі аспаннан,
Шет жұртқа телмірдік-ау көз ашқаннан.
Енді мен бақыттымын, өгейсініп,
Басқа көз қарамайды өз ақшамнан.
Дүние дөңгелердей дөңгеледің,
Өзі тауып жатады ел керегін.
Қазақ қазақ болғалы қолға ұстаған
Құтты болсын, ағайын, теңгелерің!
- Балалар, біз өз еліміздің, өз Отанымыздың негізі болатын жеті белгісі туралы мәлімет алдық. Ендеше сол Отан дегенді қалай түсінесіңдер?
Отан – бұл сөз біздің қай-қайсымызға да ыстық. Отан әрқайсымыздың кіндік кескен жеріміз ғана емес, баршамыздың кең байтақ еліміз, ол – Қазақстан. Отанымыздың игілігі үшін еңбек етуге, егер қажет болса, оны қорғауға әзір болуымыз керек. Ал, енді оқушылар, Отан туралы мақал-мәтелдер еске түсірейік.
«Отан – елдің данасы,
Ел –ердің анасы»,
«Туған жердей ел болмас,
Туған елдей ел болмас»,
«Отан үшін күрес –
Елге тиген үлес».

Бүркіт Ысқақовтың «Сенің Отаның» өлеңі.
Көп аузынан түспейтін,
Отан деген немене?
Оның тұлға, түс, кейпін,
Достым білгің келе ме?
Отан – сенің ата-анаң,
Отан – өлкең, астанаң,
Отан – тарих, Отан – тіл,
Жасаған елің, өз халқың
Отан – өлең, Отан –жыр,
Көтерген көкке ел даңқын.
Отан – осы, достарым,
Көңілге мұны түйе біл!
Отан деп өсіп жас жаның,
Оны ардақтап, сүйе біл!

Өтебай Тұрманжановтың «Отан» өлеңі
Әуелгі Отан – ана алды, оттың басы,
Ауыл алды, аунаған шөптің қасы.
Сағынғанда тым ыстық көрінеді,
Жаста ойнаған үйшік қып сайдың қасы.
Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер, атамекен –
Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.
Отан дейміз кең байтақ, астананы,
Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы.
Отанның шеті жоқ, шегі де жоқ,
Ол бірақ өз үйіңнен басталады.
- Сонымен, балалар, біз Қазақстан Республикасының – жетелі еліміздің негізгі жеті белгісін есімізде сақтайық, оларды қастерлеп құрметтейік!
Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалады. Қазақстан Туы шығарылады.